Ұлттық Банктың мәліметінше,өткен жылы еліміз 369 миллион доллар қаражатқа көлік импорттаған.2023 жылдың статистикасы жарияланбағандықтан өткен жылдың мәліметін ұсынуға тура келді…
Көптеген қазақстандықтар шекарадан шетелге тіркелген көліктерді өткізеді. Автомобильдердің бағасы оның жасақталған жылы, маркасы және нарықтағы ұқсас модельдердің бағасымен салыстыру арқылы бағаланады. Зерттеулерге сәйкес, шетелдік интернет-дүкендерде қазақстандық төлем карталарымен жасалған төлемдер сатушылар санатының кодтары бойынша жіктелді. Бұл интернет арқылы сатып алынған көліктер импортының ауқымын бағалауға жол ашты. Қазақстандықтар шетелдік сайттар арқылы жүргізген онлайн-сауданың ауқымы 2022 жылдың алғашқы алты айлықта 390 миллионды құраған. Бұл 2021 жылдың дәл осы кезеңіндегі көрсеткіштен әлдеқайда төмен. Ол тұста бұл көрсеткіш 1,4 миллиард теңгені құраған.
Қазақстанға шетелдік көліктердің келуіне ішкі факторлармен қатар жаһандық экономикалық және саяси дүрбелеңдер әсер етіп отыр. Мәселен Ресейден импорт күрт төмендесе, сәйкесінше машиналарды басқа елдерден сатып алу айтарлықтай өскен. Бұл көрсеткішті 2022 жылдың қорытындысы бойынша сыртқы сауданың құрылымын көрсететін Ұлттық статистика бюросының жуырда ұсынған бюллетенінен байқауға болады. Жүздеген позициялардың ішінде Қазақстанға автомобиль жеткізу жөніндегі деректер де бар. Осы сандарға сәйкес,елімізге алғашқы бес айда 21 985 көлік импортталған — бұл 2021 жылмен салыстырғанда едәуір аз.Яғни 2021 жылдың есепті кезеңінде ел аумағына 33 058 көлік тасымалданған.Болжам бойынша, мұндай құлдырауға Toyota, Volkswagen, Nissan, Renault сынды ірі концерндердің өнімдері құрастырылатын Ресей Федерациясынан көлік тасымалының төмендеуі себеп болып отыр. Мысалы, Volkswagen және Renault Ресейдегі өндірісін мүлдем тоқтатқан, ал Toyota логистикалық мәселелерге тап болған. Нәтижесінде — Қазақстанға ресейлік авто импорты 13 449 данадан 5 592 данаға дейін қысқарды. Өзбекстаннан да импорт саны күрт азайнған. Мәселен өткен жылдың жарты жылдығында елімізге 13 191 көлік тасымалданда биыл есепті кезеңде бір ғана көлік жеткізілген. Дегенмен бұл соншалықты көңіл түсіретін жағдай емес. Себебі Chevrolet концерні Қазақстанда өз өндірісін локализациялаған. Сол себепті көлік импортының қажеттілігі туындап отырған жоқ.
Өкінішке орай заңды көлік әкелуге қарағанда көлеңкелі көлік саудасы қызып тұр. 2015 жылдан бүгінге дейін Еуразия экономикалық одағы елдерінен Қазақстанға 4,2 миллиард доллардың көлігі импортталған. Есептей келгенде бұл жылына орта есеппен 500 миллион доллар деген сөз. Ең жоғарғы көрсеткіш 2021 жылы тіркелген.Өткен жылы елге сырттан 131 200 көлік келген. Ұлттық банктің төлем балансы департаменті директорының орынбасары Жасұлан Мұратов бас банк трансшекаралық электрондық коммерцияға, сондай-ақ ЕАЭО елдерінен машиналардың сұр импортына байланысты келісімдердің жалпы санын есептегенін жеткізді. Сұр импортпен келген көліктер тіркеуден өтпейтіндіктен сыртқы сауданың ресми статистикасына енбейді.
2022 жылы Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелден 1 қыркүйекке дейін келген көліктерді заңдастыру мақсатындағы утиль алым мен тіркеу үшін төленетін қаржыны 200 000-250 000 теңгеден асырмау туралы тапсырма берді. Және бұл іздеуде жоқ, криминалды тарихы болмаған, кеден рәсімдерінен толыққанды өткен көліктерге ғана жүргізілетін шара екенін де жеткізді. Сарапшылардың айтуынша Қазақстан аумағына 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін 220 мың, ресми емес деректер бойынша 300 мыңға жуық шетелдік көлік кірген. Осы көрсеткіштен ұрланған, техникалық талаптарға сәйкес келмейтін, 2015 жылдан жоғары, оң жақ рөлді машиналарды алып тастайтын болса, бар-жоғы 100 мыңға жуық көлік қалады. Бұл еліміздегі көлік тапшылығын шешетін шара деп айту қиын. Сол себепті көптеген көлік сарапшылары көлікті тіркеу үшін 200-250 мың теңгелік утиль алым акциясын елге тек 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін келген көліктерге ғана емес 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін кіргізілетін көліктерге де жүргізсе деген ұсыныс айтып отыр. Мұндай ұсынысқа автосалондарда көліктердің жоқтығы және елдегі автоқұрастырушыларда да көліктің тапшылығы себеп болып отыр.Президенттің тапсырмасына сәйкес автомобильдерді рәсімдеу осы жылы 27 қаңтарда басталды.Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбектің айтуынша,алғашқы 2 аптада 36 мың қазақстандықтың көлігін заңдастыру мақұлданған.16 мыңға жуық адамның темір тұлпары тіркеуден өткен.
Осы ретте өзге мемлекеттердің автокөліктерді кедендік рәсімдеу және тіркеу талаптарына зерттеу жүргізсек. АҚШ-қа басқа елден көлік импорттау өте қиын, өйткені АҚШ-тың өз автоиндустриясы жақсы дамыған. General Motors, Ford және Chrysler сияқты ірі автоконцерндердің арқасында америкалықтар өздерінен шыққан көлікті жазбай таниды. Егер американдық азамат еуропалық көлікпен жүрсе ауқатты адам саналады. Өйткені АҚШ-та шетелдік көліктер қымбатырақ. Автокөлікті АҚШ-қа импорттау үшін машина бірнеше критерийлерге сәйкес келуі керек:
— FMVSS (Federal motor Vehicle Safety Standards). Бұл стандарт апатты алдын алу жүйелеріне, автокөліктің соққыға төзімділігіне және апаттан кейін қолданылуына байланысты талаптарды қамтиды. Автокөлікті Америка нарығына шығару үшін автомобиль өндірушісі көлікті АҚШ үшін арнайы қымбат материалдар мен компоненттерді қолдана отырып, көптеген пассивті және белсенді қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтауы керек. Нәтижесінде, мұндай машинаның құны басқа елдер үшін дәл осындай маркадағы көліктермен салыстырғанда едәуір жоғары. Ал автоөндірушілер мұндай машиналарды тек АҚШ-тағы дилерлеріне береді. Қарапайым тілмен айтқанда кедендік одақтың АҚШ-қа жеке импорты іс жүзінде мүмкін емес;
— Отын шығыны бойынша нормативтер. Егер автомобильдің отын шығыны 11 л/100 км немесе одан көп болса, кедендік рәсімдеу кезінде отын салығы салынады. Оны автомобиль өндірушілерінің деректері емес, өз нормативтері негізінде АҚШ кедені анықтайды;
— Экологиялық сәйкестік стандарды. EPA экологиялық сәйкестік стандарттары басқа жерлерге қарағанда бірнеше есе қатал.
Енді алпауыт Қытайдағы автокөлікті кедендік рәсімдеу талаптарына ойыссақ. Қытай – түрлі провинцияларға бөлінген алып ел. Олардың әрқайсысында автокөлікті әкелу және тіркеу ережелері бар. Алайда, көлікті кеденнен өткізу үшін үш жалпы компонент қарастырылған. Аспан асты елінде көліктерді тіркеу осы компонеттерге қарай реттеліп отырады. Біріншісі — елде отандық автоөндірушілер жеткілікті. Екіншісі – халықтың тығыздығы. Үшіншісі – нашар экология. Осы себептерге сүйене отырып, Қытай үкіметі кез-келген тауардың импортын айтарлықтай шектейді. Қытайға бірнеше ай бұрын шығарылған автокөлікті ғана кіргізе аласыз. Кейде мұражайға қоюға арналған сирек кездесетін машинаны да импорттау да мүмкін болмай жатады. Егер Қытайға автокөлігіңізді әкелгіңіз келсе, жергілікті қауіпсіздік пен тұрақтылық стандарттарына сәйкестігін анықтау үшін көптеген сынақтардан өтуіңіз керек. Осындай сынақтардың бірі-апат сынағы және оны орындау үшін сіз салыстырмалы түрде бұзып көрсету үшін тағы бір көлік алып келуіңіз керек. Осылайша, Қытайға автокөлікті заңды түрде жеке импорттауға тыйым салынбағанымен, бұл іс жүзінде мүмкін емес. Тағы бір қызығы, Қытайға мотоцикл мен дизельді көлік апара алмайсыз. Бұл тауарларды елге әкелуге тыйым салынады. Және оң жақ рульді көлікті импорттай аласыз, бірақ оны ешкім есепке алмайды. Қытайда автокөлікті кедендік рәсімдеу: баж салығы, ҚҚС және тұтыну салығы арқылы жүргізіледі. Баж: импорттаушы мәлімдеген тауар бағасы + көлік шығындары + сақтандыру + порттағы жүкті түсіру және өңдеу үшін барлық төлемдер негізінде есептеледі. ҚҚС бұрын аударылғандардың барлығы + баж сомасынан алынады. Тауар бағасын талап ету мүмкін еместігін ескеру керек. Қытай кедені бағалауды өзі жүргізеді. Қытайда еркін сауда аймақтары бар. Оларда жеңілдетілген импорттық тарифтер қолданылады. Бірақ мұндай аймаққа кіру өте қиын. Жалпы алғанда Қытайда автокөлікті кедендік рәсімдеу сомасын есептеу қиын. Оған жиі орын алатын өзгерістер мен кеден қызметкерінің көңіл-күйі де себеп бола алады. Бірақ, қалай болғанда да, бұл сома өте жоғары және импортталатын автомобиль құнының кем дегенде 100% құрайды.
Өз кезегінде Қазақстанға шетелден көлік әкелу көлемі утиль алым көрсеткіші төмендеген соң күрт артқан. АҚШ, Жапония және басқа елдерден автокөліктерді іріктеу және тасымалдаумен айналысатын компания өкілдері биыл тапсырыс берушілер санының өскенін растайды. West Motors компаниясының өкілдері Ресей мен Укрина арасындағы қақтығыстарға байланысты көлікті Қазақстанға әкеліп, содан кейін Ресей Федерациясына сататындардың көбейгенін айтады. West Motors американдық аукциондардан автокөліктерді жеткізуге маманданған компания және оның деректері бойынша, қазақстандықтар көбінесе Toyota Camry, Lexus, Subaru, BMW, Ford-қа тапсырыс береді. Ал Вastion.KZ фирмасы соңғы жеті жыл ішінде Қазақстанға автомобильдер әкелмегенін мойындап отыр.
— Биыл тапсырыс берілді. Біз көлікті Қытайдан, БАӘ-ден, АҚШ-тан, Грузиядан алып келеміз. Көбінесе бізден Tesla, Volkswagen, Toyota маркалы электромобильдерге тапсырыс беріледі, – деп түсіндірді компания өкілі. GR8AUTOKZ АҚШ, Еуропа, БАӘ-ден жаңа және пайдаланылған көліктерді әкеледі. Бұл компания жыл басынан бері өтінімдер саны шамамен 30% — ға өскенін атап өтті. Аuto4export.kz компаниясы өтінімдер саны утиль алым төмендегеннен кейін 15% — ға өскенін хабарлады.
– Біз АҚШ, Канада, Еуропа, БАӘ-ден автомобиль жеткіземіз. Жыл басынан бері американдық автомобильдер (dodge ram 1500 пикаптары) танымал бола бастады. БАӘ-ден-Toyota Hilux, Toyota Land Cruiser 76, Mitsubishi L200 модельдерін жиі әкелеміз. Геосаяси жағдай өзгергеннен кейін логистикада біршама қиындықтар пайда болды. Сондықтан жеткізу уақыты едәуір ұзарды. Еуропа, БАӘ порттарында кідірістер бар. Егер бұрын орта есеппен екі-үш айда әкелінсе, қазір АҚШ-тан төрт-алты айға дейін жеткіземіз. — дейді компания өкілдері.
Жоғарыдағы сараптамалардан соң негізгі сауалға ойыссақ. Сонымен қазақстандықтарға шетелден көлік алу тиімді ме? Бұл сұраққа жауап беру үшін отандастарымыздың қандай маркадағы көлікті жиі айдайтынына мән берген абзал. Утиль алым мөлшері төмендеген соң да ел ішінде алыс-жақын шет елдерден көлік алатындар саны азайған жоқ. Мамандардың айтуынша шет елдік көлік алу процесін Қазақстандық бағдарламалармен салыстыру қиын. Ол жақта көлік алып, тіркеу процесі елімізден 5 есе жылдам көрінеді. Шетелдік көліктер отандық темір тұлпарларға қарағанда кем дегенде 5 миллионға арзан. Дегенмен шетелден барлық көлік түрін тиімді бағада сатып алу қиын. Мәселен отандастарымыздың ең сүйікті Toyota маркалы көліктері АҚШ-та да ең көп айдалатын марка саналады. Бұл көлікті АҚШ-тан теңіз арқылы алдыратын болсаңыз, айырма небәрі 1,5 миллион болуы мүмкін. Ал бұл соманы сіз көліктің техникалық құжаттарының рәсімделуіне жұмсап тастайсыз. Салыстырмалы түрде Subaru Impeza маркасын алдыратын болсаңыз 4-5 миллион теңге үнемдейсіз. Себебі оның Америкадағы бағасы 3-4 мың доллар. Ал елде 8 миллион теңге тұрады. Бұл ретте көліктің маркалары маңызды рөл ойнайды. Қазақстандықтар үшін ең тиімді автонарық БАӘ, Грузия сынды елдерде. Себебі мұндағы көлік саудасымен айналысатын мамандар көлікті сатып алған соң толық тексеріс пен жқндеуден өткізіп барып қолдан-қолға сатады. Қазақстанға қазіргі таңда ұрылған көліктерді кіргізу тиым салынғандықтан бұл отандастарымыз үшін тамаша мүмкіндік. Дегенмен көптеген сарапшылардың пайымдауынша көлікті шетелден алдыру – отандық автонарыққа өз кесірін тигізіп отыр. Себебі елдің шекарасынан өткен көліктердің барлығы шетелде жөнделіп келеді. Бұл жағдайдың себебінен елімізде автобөлшек саудасы жүрмейді. Тиісінше көлік жөндеу де қымбатқа шығады. Екі жағдайда да біздер шетелдіктердің қалтасын қампайтып отырмыз. Ал еліміздегі автоконцерндер мен көлік шығаратын зауыттар халықтың сұранысын қанағаттандыра алмай отырғанын көзіміз көріп отыр. Бұл өз кезегінде келесі мақалаға азық.
Айгүл Ержігіт
Журналист







